Екібастұзда екі жасар бала химиялық сұйықтық ішіп қойған
Екібастұзда екі жасар бала жуғыш затпен уланды. Оның ауыз қуысы қатты күйіп қалған, деп хабарлады Elordainfo.kz
Pavlodarnews.kz мәліметінше, жыл басынан бері Екібастұз қалалық ауруханасына уланумен 54 бала жүгінген. Оның ішінде 13 бала емделуге жатқызылған.
Мысалы, көктемнің басында бала асүйде жүріп, плита тазалайтын жуғыш затты тауып алып, ішіп қойған. Баланың анасы үйінде болған, алайда көзден таса қылған бетте осындай жағдай орын алған. Ол асүйге кіргенде бала жерде жатқан.
2022 жылы туған бала біздің ауруханаға түсіп, жансақтау бөлімінде жатты. Ауыз қуысы мен өңеші қатты күйіп қалды. Тамақты жұту кезінде қиындықтар болды. Симптоматикалық ем көрсетіліп, одан әрі оңалту үшін облыстық ауруханаға ауыстырылды, – деді Екібастұз қалалық ауруханасы басшысының орынбасары Светлана Подзорова.
Оның сөзінше, заттың уытты әсері асқазанның, өңештің шырышты қабығының күйіп қалуына әкеп соғады. Болашақта ас қорыту механизмінің бұзылуынан өңештің тұрақты механикалық созылуы сияқты салдары болуы мүмкін.
Жалпы облыс бойынша жеті ай ішінде уланып қалған 188 бала ауруханаға жүгінді.