Екі ай бұрын жоғалған қыздың денесі сөмкеден табылды
Былтыр қараша айында үйінен шығып кеткен 26 жастағы қыздың денесі Алматыдағы Кеңсай зираты маңынан табылды, деп хабарлады Elordainfo.kz КТК арнасына сілтеме жасап.
Полицияның мәліметінше, марқұмды өзі жақын араласып келген жігіті өлтірген. 19 жастағы жігіт қызды пәтерде қылқындырып, қылмысын жасыру үшін денесін сөмкеге салып айдалаға апарып тастаған. Жігіт қызға мәжбүрлеп несие де алдырыпты.
«19 жастағы бала екен, есімі Нұрмахан. Несие алдыртқан, сомасы да үлкен. Екі миллионнан асу керек, біздің білуіміз бойынша. Қайтармаймын дегеннен кейін Айша «Ата-анама айтамын, полицияға арызданамын» деген. Бұл сол жерде, пәтерде өлтірген», – дейді марқұмның әпкесі Әсия Хамит.
Қыздың туыстарының айтуынша, күдікті мәйіт салынған сөмкені Кеңсай зираты маңында қарға көміп кетіпті. Марқұм күдіктімен жазда танысып, содан бері телефон арқылы сөйлесіп жүрген. Қыздың туыстары бұл қылмысты жігіттің жалғыз өзі жасағанына сенбейді. Қазір жігіт қолға түсті. Қаскөй қолмен жасаған қылмысын толығымен мойындапты.
«Адам өлтіру дерегі бойынша Медеу аудандық полиция басқармасы қылмыстық іс қозғады. Күдікті ұсталып, қамауға алынды. Болған қылмыстың басқа да мән-жайы анықталып жатыр», – деп мәлімдеді Алматы қаласы ПД ресми өкілі Салтанат Әзірбек.