Оқиға

Денсаулыққа ауыр әсер ететін дәрілер АҚШ пен Еуропаға жіберілген

Қазақстанның мемлекеттік шекарасы арқылы ірі көлемдегі ауыр препараттарды заңсыз өткізу ісі анықталды, деп хабарлады Elordainfo.kz.

Қаржылық мониторинг агенттігінің мәліметінше, бір топ адам алдын ала сөз байласып, витаминдер түрімен жасырылылған, құрамында адам өмірі мен денсаулығына ауыр әсер ететін заттар бар анаболиктерді, стероидтерді (ҚР Денсаулық сақтау министрінің 2023 жылғы 26 маусымдағы № 120 бұйрығы) Қазақстанның мемлекеттік шекарасы арқылы АҚШ пен Еуропа елдеріне жөнелткені анықталды.

Жедел-іздестіру іс-шаралары барысында ұйымдастырушылар препараттарды сақтап, буып-түюмен айналысқан мекенжайы табылды. Тінту кезінде 206 мыңға жуық ампула мен таблетка, сондай-ақ шприцтер, желімдеуге арналған станок, пошта конверттері, құтыларға арналған өздігінен жабысатын жапсырмалар табылып, тәркіленді.

«Аталған азаматтар ұсталып, оларға қатысты сот «үй қамағына алу» бұлтартпау шарасын қолданды. Қазіргі уақытта сотқа дейінгі тергеу жүргізілуде. ҚР ҚПК-нің 201-бабына сәйкес өзге де мәліметтер жария етілуге жатпайды.

ҚР Конституциясының 77-бабының 3-тармағының 1-тармақшасына және ҚР Қылмыстық-процестік кодексінің 19-бабының 1-бөлігіне сәйкес, қылмыстық құқық бұзушылық жасаудағы кінәсі соттың заңды күшіне енген үкімімен белгіленгенге дейін әркім кінәсіз деп есептеледі», - делінген хабарламада.