Оқиға

«Делайте»: Сотта Шерзаттың анасы баласына қалай шабуыл жасалғаны туралы айтты

Талғарда болған Шерзат Полаттың қазасына қатысты істің сот отырысында Шерзаттың анасы Гүлбара Бишимбиевадан жауап алынды, деп хабарлады Elordainfo.kz.

Ол мемлекеттік айыптаушылардың сұрақтарына жауап берді.

«2024 жылы 3 қарашада түнгі сағат 12.00-12.30-да жолдасым Қаржаубай маған ұялы телефоныма қоңырау шалды. «Гүлбара, Шерзат біреуді ұрып қойды, Нұрқанатты тездетіп оят» деді. Сол кезде әжесі екеуміз бөлмесіне барып «Нұрқанат, тез дүкен жаққа баршы, Қаржаубай қоңырау шалып жатыр, Шерзат біреуді ұрып қойыпты» деп түсіндірдік. Ол «жарайды» деп тез орнынан тұрып киініп әкесінің машинасымен шығып кетті. 5 минуттан соң біз уайымдадық. Қаржаубайға қайтадан хабарластым. «Иә, біз шешіп жатырмыз, уайымдамаңдар» деді. Біз оған шыдамадық, әжесі екеуміз жолға шығып кеттік. Трассаға шығып, машина кез келіп, адресті айттық. «Қамажай» дүкеніне 5 минутта жетіп бардық. Жолдың бергі шетіне түстік. Мен жолдың арғы шетіне жүгіріп өттім, өткен кезде дүкеннің алдынан 10-15 жақты адамды әжесі екеуміз көрдік. Сол кезде адамдардың арасынан екі қызды көрдім. Сол кезде біреу «Делайте» деп айтты», - деді анасы.

Гүлбара Бишимбиеваның айтуынша, сол кезде барлығы Шерзат пен Нұрқанатқа жабылып кетеді.

«Сол кезде әжесі жүгіріп келді де «Балаларым қойыңдар, қойыңдар» деп айтып жатқан кезде Абзал жұлқып жіберді қолынан. Мен Шерзатқа жүгіріп бара жатқан кезде Абзал мен Нұрбол қолымнан ұстап алды. Оларға «Балама тимеңдерші, мен анасымын» деп өтіндім. Абзал маған «аузыңды жап, сені де өлтіреміз» деді. Мен дүкен жаққа қарағанда екі қызды көріп, «Милиция шақырыңдаршы» дедім. Олар маған қарап тұрды да, ештеңе істеген жоқ. «Мен қолымды жұлқып, Шерзатқа қарай шығып кеттім. Сол кезде Шерзат артқа шегінді де, құлады. Мен Шерзаттың аузынан бұрқ етіп қан аққанын көрдім. Оған жүгіріп бардым. Шерзат «Мама, мына жағыма қараңызшы» деп көрсетті. Пышақ салғанын көрдім. Сол кезде жаңағылар Нұрқанатты тепкілеп жатты. Нұрқанатты ұрып болған соң олар Шерзаттың ауыр халде жатқанына қарамастан, бізге қарай бет алды. Мен сол сәтте Нұрқиястың қолынан мылтықты көрдім. Ол Шерзатты ұруға оқталғанда қолымды тосып қалдым. Қолыма тиді. Шерзатты басының желке тұсынан 3-4 рет ұрды. Менің айғайлағаныма да қараған жоқ бұлар. Сол кезде сол жердегі үйдің адамдары шығып қалады. Бұлар қашты», - деді Гүлбара Бишимбиева.