Дәрігерлер 19 жастағы футболшының қазасына қатысты ресми мәлімдеме жасады
Алматы қаласының Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы жас футболшының қазасына қатысты ресми мәлімдеме таратты, деп хабарлады Elordainfo.kz.
Алматы қаласының Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы жас футболшының қазасына қатысты ресми мәлімдеме жасады. 2006 жылы туған жас азамат клиникалық өлім жағдайында ауруханаға жеткізілген. Ведомство ұсынған ресми ақпаратқа сәйкес, жедел жәрдем қызметі оны оқиға орнынан дереу алып кеткен. Науқас медициналық мекемеге түскен сәтте тіршілік белгілері байқалмаған. Сондай-ақ жүрек соғысы мен қан қысымы болмаған, қарашықтары кеңейіп кеткен.
Оқи отырыңыз: 19 жастағы футболшы ойын кезінде көз жұмды
«Ауруханаға түскен сәтте науқастың тамыр соғысы мен қан қысымы анықталмады, қарашықтары кеңейген. Дәрігерлер дереу реанимациялық шараларға кірісті. Барлық мүмкін әдістер қолданылып, 30 минут бойы өмірін сақтап қалуға әрекет жасалды. Алайда, көрсетілген медициналық көмектерге қарамастан, биологиялық өлім тіркелді», - делінген ресми хабарламада.
Қайғылы жағдайдың нақты себебін анықтау үшін марқұмның денесі сот-медициналық сараптамаға жіберілді. Басқарма өкілдері жас спортшының отбасы мен жақындарына көңіл айтты:
«Қайтыс болған азаматтың туған-туыстары мен жақындарына қайғырып, шын жүректен көңіл айтамыз. Бұл бәріміз үшін орны толмас ауыр қаза».
Қазіргі таңда өлімнің мән-жайы мен себептері анықталып жатыр.