Оқиға

Дәрігерге жасалған шабуылдан кейін Қостанай ауруханаларына күзет қойылатын болды

Қостанайда дәрігерге жасалған шабуылдан соң ауруханаларға күзет посттары қойылатын болды, деп хабарлады Elordainfo.kz облыс әкімі Құмар Ақсақаловтың Instagram желісіндегі парақшасына сілтеме жасап.

Облыс әкіміның айтуынша, ол оқиғадан кейін бірден денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназаровамен сөйлескен.

«Жағдайды талқылап, Қостанай облысындағы ірі медициналық мекемелерде күзет посттары орнатылатыны жөнінде келістік. Ең алдымен бұл — облыстық және қалалық ауруханалар.

Полиция департаментінің жанындағы Арнайы күзет қызметі қамтамасыз етеді. Бұл – Ішкі істер министрлігіне қарасты мемлекеттік құрылым. Посттар ауруханалардың ішінде тұрақты негізде кезекшілік атқарады.

Бұл жай ғана формалдылық емес. Медициналық қызметкерлер жұмыс орнында өз қауіпсіздігі үшін алаңдамауы керек. Олар өз еңбегінің қорғалғанына сенімді болуға тиіс», - дейді Құмар Ақсақалов.

Айта кетейік, кеше Қостанай облыстық ауруханасында төтенше жағдай болды, хирургке шабуыл жасалып, нәтижесінде ол жансақтау бөлімінен бір-ақ шықты.

Медициналық мекеме өкілдерінің хабарлауынша, күрделі операциядан кейін дәрігер қабылдау бөліміне келіп, жұмысын жалғастырған. Аурухананың мәліметінше, кезекте үшінші тұрған науқастардың бірі агрессия көрсеткен. Ол дәрігерді ұрып жіберген, соққы салдарынан хирург есін жоғалтқан. Қазір жәбірленушінің жағдайы ауыр.

Еске сала кетейік, бұған дейін денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова Қарағанды мен Қостанайда медицина қызметкерлеріне жасалған шабуылға байланысты қазақстандықтарға үндеу жасап, адам өмірін арашалап жүрген жандарға қарсы қатыгездікті тоқтатуға шақырғанын хабарлағанбыз.