Бурабайда түнде көл бетіне қайықпен шыққан балалар құтқарылды
Оқиға Ақмола облысының Бурабай ауданында орын алды, деп хабарлады Elordainfo.kz.
ТЖМ мәліметінше, бес бала Қатаркөл көлінің жағалауында иесіз қалған катамаранды тауып алып, түнгі уақытта оған мінуге шешім қабылдаған. Жағадан бес метр жүзіп кеткенде үш бала қорқып, катамараннан өз бетінше жүзіп, жағаға жеткен.
«Катамаранда 2008 және 2014 жылы туған екі бала қалып қойды. Олардың біреуі жүзе алмады. Қатты желдің салдарынан катамаран жағалаудан 500 метр қашықтыққа алыстап кеткен. Жағаға оралған балалар 112 нөміріне қоңырау шалып, құтқарушылардан көмек сұраған. Суда құтқару жасағының қызметкерлері тепловизоры бар ұшқышсыз ұшу аппаратын пайдаланып, балаларды тапты. Қайықпен жеткен құтқарушылар оларды жағаға жеткізіп, жедел медициналық жәрдем көлігіне тапсырды», - делінген ТЖМ хабарламасында.
Кәмелетке толмағандардың ата-аналары ҚР ӘҚБтК-нің 412-бабы бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартылды.