«Бойжеткеннің бөксесін сипаған»: 58 жастағы азамат жауапкершілікке тартылды
Астана соты әлеуметтік желіде таралған оқиғаға қатысты істі қарады. Көшеде өтіп бара жатып, бейтаныс жас қыздың бөксесін сипаған 58 жастағы ер адам жауапкершілікке тартылды. Бұл туралы Астана қаласының әкімшілік құқық бұзушылықтар жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының баспасөз қызметі мәлімдеді, деп хабарлады Elordainfo.kz.
«Астана қаласының әкімшілік құқық бұзушылықтар жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты қоғамдық тәртіпті бұзғаны үшін К.-ға қатысты істі қарады (ӘҚБтК 434-бабының 1-бөлігі). Сот анықтағандай, К. 2025 жылғы 9 тамызда Астана қаласындағы клубтың жанынан өтіп бара жатып, жәбірленуші Ф.-ға қатысты қоғамдық тәртіп пен азаматтардың тыныштығын бұзып, айналадағы адамдарға деген айқын құрметсіздік танытатын орынды емес әрекет жасады. Сот отырысында К. өз кінәсін толық мойындап, жасаған әрекетіне өкінетінін білдірді және мүгедектігі жоқ екенін хабарлады. Сонымен қатар, алты баланың әкесі болғандықтан, жеңіл жаза тағайындауды өтінді», - деп жазылған хабарламада.
Сот отырысында жәбірленуші хаттамада көрсетілген мән-жайды растады.
«Осыған байланысты оның әрекеттері ӘҚБтК-тың 434-бабының 1-бөлігі бойынша дұрыс сараланған. ӘҚБтК 434-бабы 1-бөлігінің санкциясы 20 АЕК мөлшерінде әкімшілік айыппұл немесе 5-тен 15 тәулікке дейінгі мерзімге әкімшілік қамаққа алу түріндегі жауапкершілікті көздейді», - деп жазылған хабарламада.
Әкімшілік жаза қолдану кезінде сот жауапкершілікті жеңілдететін жағдайларды ескереді.
«Құқық бұзушының өкінуі, бірдей бұзушылықтар үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылмағаны. Сондай-ақ жауапкершілікті ауырлататын жағдайларды да ескереді, яғни әкімшілік құқық бұзушылықты әйелге қатысты жасағаны. Сонымен қатар, сот оның алты баланың әкесі екенін де назарға алды.Жоғарыда аталған мән-жайларды, сондай-ақ әлеуметтік әділдікті қалпына келтіру, құқық бұзушыны ҚР заңнамасының талаптарын сақтау рухында тәрбиелеу, құқық тәртібіне құрметпен қарау және құқық бұзушылықтардың қайталануын алдын алу мақсаттарын ескере отырып, сот әкімшілік жаза ретінде 5 (бес) күндік қамауды тағайындауды негізді деп тапты», - деп жазылған хабарламада.
Шешім заңды күшіне енген жоқ.