«Біз үшін кек алуың керек»: Шерзат Полаттың ағасының қайтыс болар алдындағы хаты жарияланды
9 желтоқсанда Талғар қаласының маңында 30 жастағы ер адамның мәйіті табылды. Алдын ала мәліметтерге сәйкес, ол өз-өзіне қол жұмсаған, деп хабарлады Elordainfo.kz.
Полиция мәліметінше, марқұм туыстарының біріне өз-өзіне қол салатыны туралы хабарлама жазған. Ол тергеу барысында анықталды. Хабарламада ол туыстарымен қоштасып, Шерзаттың жанына жерлеуді сұраған.
«Аға, не істесем де кешір. Мен бауырымның өлгенін қаламадым. Барынша тырыстым. Аға, сен біз үшін кек алу керексің. Сол үшін жаралғансың. Бірақ мен істеген істі қайталама. Сенде ұл-қыз бар, соларды ойла. Мен сені қатты жақсы көремін, кешір», – деп жазған марқұм.
Оның хатын алған ағасы бірден жауап беріп, қайда жүргенін сұраған.
«Ақымақ болма, үйге қайт. Берген уәдең қайда? Сені қайдан іздеп табайын. Мама ауырып қалады», – деп жауап берген ағасы.
Бірақ марқұм Нұрқанат Ғайыпбаев ағасының бұл сұрақтарына жауап бермей, соңғы өтінішін айтқан.
«Шерзаттың жанына жерлесең болды, басқа айтарым жоқ», – деп жазған марқұм.
Аталған факті бойынша қылмыстық іс қозғалды. Қазір барлық жағдайды анықтау үшін тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.
Айта кетейік, бұған дейін Талғардың шетінен Нұрғанат Ғайыпбаевтың денесі табылғаны туралы жазған едік. Полицейлердің мәліметінше, 30 жастағы ер адам асылып, өз-өзіне қол жұмсаған.
Еске салайық, Талғарда жаппай төбелес болып, салдарынан 16 жастағы Шерзат Полат көз жұмған еді. Жанжал жасөспірімнің отбасы жұмыс істейтін дүкенде басталған. Жасөспірімнің өлімінен кейін Шерзат Полаттың үйін белгісіз біреулер өртеп кетті. Ішкі істер министрлігі Шерзаттың өліміне қатысты 10 адам күдікті деп танылып, бес қылмыстық іс қозғалғанын мәлімдеді. Сондай-ақ министрлік жасөспірімді өлтірді деп айыпталған күдіктілер арасында бұрын сотталғандар бар екенін де растады.