Оқиға

Біріккен Араб Әмірліктерінен алаяқтық жасады деген күдікті экстрадицияланды

ҚР Бас прокуратурасы және Ішкі істер министрлігінің Интерпол қызметкерлері Қазақстанның Біріккен Араб Әмірліктеріндегі елшілігінің көмегімен Дубай қаласынан алаяқтық үшін қылмыстық жауаптылыққа тарту мақсатында Қазақстан азаматын экстрадициялады, деп хабарлады Elordainfo.kz.

«Ол 2022-2023 жылдар аралығында Алматы қаласында Wildberries компаниясына инвестиция салу сылтауымен және сыйақы уәде етіп, алты азаматты алдап, олардың ақшалай қаражатын иемденген. Салдарынан жәбірленушілерге ірі мөлшерде материалдық залал келтірілген.

Қылмыстарды жасағаннан кейін күдікті бой тасалап, екі жыл бойы халықаралық іздеуде болған», - делінген Бас прокуратура хабарламасында.

Ол осы жылдың сәуір айында Біріккен Араб Әмірліктерінің аумағында ұсталып, Бас прокуратураның сұрауы бойынша Қазақстанға экстрадицияланды.

Қазіргі уақытта күдікті тергеу изоляторына қамалды.

Айыпталған қылмыстарды жасағаны үшін мүлкін тәркілеп, 3 жылдан 7 жылға дейін бас бостандығынан айыру түріндегі жаза көзделген.