Балқашта 3 қыз суға батып кете жаздады: қылмыстық іс қозғалды
Балқаш қаласы Шұбартүбек ауылында орналасқан «Көктем» демалыс аймағында 3 қыз суға батып кете жаздады, деп хабарлады Elordainfo.kz.
Бұл туралы блогер Аружан Мағзам өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында жазды.
Мұнда блогер сіңлілерімен «диван» су аттракционын таңдап, серуендеуге шығады. Топта бірнеше адам суда жүзе алмағандықтан, олар қызметкерлерден бірнеше мәрте жылдам маневрлар жасамауды сұраған. Бірақ қызметкерлер бұл сөзге құлақ аспай, суға құлататын маневрлар жасаған. Соның нәтижесінде қыздар суға құлайды. Блогердің айтуынша, біреуіне құтқару жилеті дұрыс кигізілмегендіктен, суға батып кете жаздаған.
«Сіңлімді өзім құтқарып, оның дем алуына жағдай жасадым. Ал катерді басқарушылар біздің жан айқайымызға мән бермеді, керісінше күлкі етті. Жағаға жеткен соң күйзелісте болдық. Бір сіңлім есінен танып қалды. Жедел жәрдем бригадасы келіп, қыздарды ауруханаға алып кетті. Оқиға орнына полиция шақырдық. Алайда 2 сағат бойы мұнда олар келмеді. Тек бірнеше рет қоңырау шалғаннан кейін полицейлер ауруханаға кеткенін білдік», - деді блогер.
Оның екі сіңлісіне «аспирациялық пневмония» диагнозын қойған, яғни өкпеге су кіріп, нәтижесінде ісік пайда болған.
«Бұл – қылмыстық немқұрайлық. Кінәлілер заң алдында жауап беруі қажет. Егер олар жауапкершіліктен сытылып кетсе, онда ертең дәл осындай жағдай басқа адаммен де болуы мүмкін», - деді ол.
Осы іс бойынша Қарағанды облыстық полиция қылмыстық іс қозғады.
«8 тамызда Астана қаласының 24 жастағы тұрғыны қауіпсіздік талаптарына сай келмейтін қызмет көрсетілуіне байланысты полицияға жүгінді. Аталған дерек бойынша қылмыстық іс қозғалды. Оқиғаға қатысы бар барлық адамдар анықталып, жауап алынды. Құқық бұзушылықтың жасалуына себеп болған жағдайлар мен мән-жайларды толық анықтау, сондай-ақ кінәлілерді заң аясында қатаң жауапкершілікке тарту мақсатында қажетті барлық тергеу әрекеттері жүргізіліп жатыр. Қарағанды облысы Полиция департаменті азаматтардың өмірі мен денсаулығына қауіп төндіретін мұндай құқық бұзушылықтарға қатаң түрде шара қолданатынын ескертеді. Кінәлілер лайықты жазасын алады», - деп жазылған хабарламада.