Оқиға

Қазақстаннан қашып кеткен сотталған азамат Ресейден экстрадицияланды

ҚР Бас прокуратурасы жеке адамға қарсы ауыр қылмыс жасағаны үшін сот үкімін орындау мақсатында Қазақстан азаматын Ресей Федерациясынан экстрадициялады, деп хабарлады Elordainfo.kz.

Аталған тұлға 2023 жылы Риддер қаласында алкогольдік ішімдік ішу барысында жәбірленушімен ауызша жанжал негізінде жиналмалы пышағымен оның басы мен денесіне көптеген соққылар жасаған. Уақтылы көрсетілген медициналық көмекке байланысты жәбірленуші құтқарылды.

Сот үкімімен ол бас бостандығынан айырумен байланысты емес жазаға сотталып, алайда өзіне жүктелген міндеттерді орындамай, қылмыстық жазасын өтеуден жалтаруына байланысты халықаралық іздеуге жарияланды.

«Өткен жылдың қыркүйегінде іздестірудегі Ресей Федерациясының Алтай өлкесінде ұсталып, кейін Қазақстан Бас прокуратурасының сұрауы бойынша Отанына экстрадицияланды.

Қазіргі уақытта сотталушы уақытша ұстау изоляторына қамалды», - делінген хабарламада.

Енді ол екі жылдан астам мерзімге нақты бас бостандығынан айыру жазасын өтеуі керек.