Оқиға

Қазақстандықтарға шетелден қоңырау шалып алдаған қылмыстық топ ұсталды

Интернет алаяқтықпен айналысқан трансұлттық қылмыстық топ Арменияда ұсталды, деп хабарлады Elordainfo.kz.

Қазақстан ІІМ киберқылмысқа қарсы іс-қимыл департаментінің қызметкерлері Арменияның Тергеу комитетінің аса маңызды істерді тергеу жөніндегі бас басқармасымен бірлесіп, Ереванда алаяқтардың екі call орталығының әрекетіне тосқауыл қойды

«Қазақстан мен Еуропа елдерінің азаматтарына қатысты интернет алаяқтық жасаған трансұлттық қылмыстық топтың ұйымдастырушылары мен мүшелері анықталды. Олар қазақстандықтарға қоңырау шалып, ірі инвестициялық компанияларға ақша салуды ұсынған. Тінту шаралары барысында 70-тен аса компьютерлік техника, шамамен бір келі алтын, 5 автокөлік, 30 мың АҚШ доллары, Ресей рубльдері, грузин лариі және криптовалюта әмияны тәркіленді», - деді ІІМ киберқылмысқа қарсы іс-қимыл департаментінің бастығы Жандос Сүйінбай.

Арнайы операция кезінде Армения, Грузия, Иран, Сирия және Ливан азаматтарынан құралған қылмыстық топтың 41 мүшесі ұсталды. Қазір армян тарапы Қазақстан ІІМ киберқылмысқа қарсы іс-қимыл департаментімен бірлесіп, тергеу әрекеттерін және жедел іздестіру іс-шараларын жүргізіп жатыр.

Олар жалпы мән-жайды, қосымша эпизодтарды, басқа да күдіктілерді, сондай-ақ Қазақстан азаматтарына келтірілген залал сомасын анықтауға бағытталған.