«Қауіпті әзіл»: мектептерге бомба қойылғаны туралы жалған хабар таратқан жасөспірімдер ұсталды
Полицейлер мектептерде жарылғыш зат қойылды деген екі жалған хабарды әшкереледі. Екі оқиға да бір күнде орын алған, деп хабарлады Elordainfo.kz Polisia.kz-ке сілтеме жасап.
Бірінші жағдай Петропавл қаласында тіркелді. 112 нөміріне орта мектептердің біріне жарылғыш зат қойылғаны туралы қоңырау келіп түсті.
Оқиға орнына дереу полиция қызметкерлері және жарылғыш заттарды залалсыздандыру мамандары жіберілді. Тексеру барысында күмәнді заттар табылған жоқ.
Жедел-іздестіру шараларының нәтижесінде күдікті - тоғызыншы сынып оқушысы ұсталды. Ол психиатриялық есепте тұрады.
Алматы облысының Қарасай аудандық полиция басқармасының кезекші бөліміне де осындай хабарлама келіп түсті. Белгісіз адам Қаскелең қаласындағы орта мектептердің біріне бомба қойылғанын айтқан.
Аталған жағдай бойынша да жедел әрекет етіліп, мектеп ғимараты толық тексерілді. Ешқандай жарылғыш зат анықталған жоқ.
Көп ұзамай тәртіп сақшылары жалған хабар таратқан адамның жеке басын анықтады. Ол 16 жастағы жасөспірім болып шықты.
Бұл фактілер бойынша қылмыстық істер қозғалды.
«Мұндай «әзілдер» ауыр құқықтық салдарға әкеп соғады. ҚР Қылмыстық кодексінің 273-бабына сәйкес терроризм актісі туралы көрінеу жалған хабар бергені үшін айыппұлдан бастап бас бостандығынан айыруға дейінгі жаза қарастырылған. Сонымен қатар жалған шақырулар шұғыл қызметтердің уақытын алады», - деп мәлімдеді Ішкі істер министрлігі.
Полиция ата-аналарға балаларының мінез-құлқына мән беріп, оларға ойланбай жасалған әрекеттердің салдарын түсіндіріп, қоғам мен заңға деген жауапкершілікті қалыптастыру қажеттігін ескертеді.