Оқиға

Атырауда найзағай түскен екі қабатты үй түгі қалмай жанып кетті

Атырауда тұрғын үйге найзағай түсіп, толықтай өртеніп кетті. 13 шілдеде кешкі уақытта қалада күн райы күрт бұзылып, бұршақ аралас жаңбыр жауып, найзағай ойнап, күн күркіреген, деп хабарлады Elordainfo.kz «КТК» арнасына сілтеме жасап.

Атырау қаласының шетіндегі ықшамауданда екі қабатты тұрғын үйдің шатырына найзағай жарқылы тиіп, өрт тұтанған. Қызыл жалын лезде лаулап, өрт сөндірушілер бір сағат дегенде әрең сөндіріпті.

Табиғаттың тосын мінезінен жалпы көлемі 225 шаршы метрді құрайтын жаңа салынып жатқан тұрғын үй түгел жанып кетті. Абырой болғанда, адамдар дін аман.

«Өртке найзағай себеп болды деп болжап отырмыз. Қазір Атырау басқармасының бөлімі анықтап жатыр. Нақтыланғаннан кейін ақпарат береміз», - дейді Атырау облысы ТЖД басқарма бастығы Марат Исатайұлы.