Оқиға

Атырауда 5 жасар қыздың өліміне дәрігерлердің кінәсі бар-жоғы анықталып жатыр

Атырау денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметінің хабарлауынша, қыз бала 3 ақпанда ауруханада көз жұмған, деп хабарлады Elordainfo.kz Ақ Жайық басылымына сілтеме жасап.

«2025 жылдың 2 ақпанында сағат 20:05-те Атырау облыстық балалар ауруханасына жедел жәрдеммен 2019 жылы туылған науқас Н.Ж. жеткізілген. Бала құсу, жүрек айну, тәбетінің төмендеуі және әлсіздік шағымдарымен түскен.

Қабылдау бөлімінде кезекші дәрігерлер науқастың жағдайын бағалап, тиісті зертханалық зерттеулер жүргізді. Кешенді медициналық көмек көрсету үшін педиатр шақырылып, бала қарқынды терапия палатасына жатқызылып, ол жерде инфузионды терапия жүргізілген.

Түнде науқастың жағдайы күрт нашарлап, кезекші дәрігерлер шұғыл реанимациялық шараларды қолғ а алған. Барлық қажетті медициналық көмек толық көлемде көрсетілді, бірақ 3 ақпан күні сағат 00:40-та биологиялық өлім тіркелді.

Айта кету керек, бала созылмалы, ауыр сырқатпен ауырған және бұған дейін республикалық емханаларда емделген, онда жүргізілген зерттеулердің нәтижелері бойынша созылмалы ауру терминальды кезеңге жеткені анықталған. Дәрігерлер баланың өмірін сақтап қалу үшін барлық шараны қолданды. Отбасына көңіл айтамыз», - деген ақпарат берген Атырау денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметі.

Қыздың анасы Әйгерім Хамидуллина болған жағдайға қатысты басқаша пікірде. Сондықтан ол ел президенті Қасым-Жомарт Тоқаевқа қызы Жасминнің өліміне кінәлілерді «Салғырттық» бабы бойынша жазалауды сұрап, үндеу жасады.

Әйелдің айтуынша, 2 ақпанда қызы ауыр халде ауруханаға түскен.

«Дәрі тамызғыш салмас бұрын монитордан сатурация 100%, пульс 137 болғанын көрдім, бұл тахикардия екенін көрсетті. Дәрі тамызғыштан кейін оның жүрегі соғуын тоқтатты. Дәрігерді ұзақ күттік. Оттегі беру аппараты жұмыс істемеді, ал дәрігерлерді адреналин салуға көндіруге тура келді. Кейін тағы да қызымның жүрегі тоқтап қалғанын байқадым. Содан кейін ғана массаж жасай бастады. Осыдан екі сағат өткеннен кейін дәрігерлер ине салды, бірақ дефибрилляторды пайдаланбады. Егер дефибриллятор болса, мүмкін Жасмин тірі қалар ма еді. Құрметті Президент, кінәлілер жауапқа тартылуы үшін осы істі өз бақылауыңызға алуыңызды өтінемін», – деп түйіндеді Әйгерім.

Кішкентай Жасминнің өліміне дәрігерлердің кінәсі бар-жоғын комиссия анықтамақ.