Оқиға

Атырау облысында қамыс өрті сөндіріліп жатыр

Төтенше жағдай министрлігінің әуе авиациясы мамандары Атырау облысындағы қамыс өртін сөндіріп жатыр. Ведомство өкілдері өрттің елді мекенге таралу қаупі жоқ екенін мәлімдеді, деп хабарлады Elordainfo.kz ҚР Төтенше жағдайлар министрлігіне сілтеме жасап.

«7 қазанда ТЖД күштері мен құралдары облыс аумағында орын алған қамыс өртін сөндіруге жұмылдырылды. Әуеден аэровизуалды барлау жұмысы кезінде Құрманғазы ауданынан 43 км қашықтықта 5 га аумақта қамыстың бықсып жатқаны анықталды. Сонымен қатар Құрманғазы ауданынан 20 шақырым км  жерде 3 га аумақта қамыстың жанып жатқаны анықталды», - делінген хабарда.

7 қазанда сағат 17:00-ден бері «Қазавиақұтқару» АҚ МИ-8 тікұшағының су төгу құрылғысы арқылы әуеден жану ошақтарына 30-дан астам тонна су төгілді.

Бүгін 8 қазанда қамыс өртін сөндіру жұмыстары жалғасуда.

«Елді мекенге таралу қаупі жоқ. Облыс аумағындағы өрт жағдайының мониторингі ерекше бақылауда», - дейді ведомство өкілдері.