Астаналық әйел құрбыларының үйінен ақша ұрлап кеткен
Астана полициясына жергілікті тұрғын ақшасының жоғалғаны туралы арызбен жүгінді, деп хабарлады Elordainfo.kz.
Оқиға бірнеше апта бұрын екі құрбы жалдап тұрған пәтерде болған.
«Жедел іздестіру іс-шаралары барысында криминалдық полиция қызметкерлері 43 жастағы күдіктіні анықтады. Тергеу нұсқасы бойынша, ол таныстарының үйіне қонаққа келіп, қыздар байқамаған сәтте тумбочканың ішінен 100 мың теңге қолма-қол ақшаны ұрлап кеткен. Ол ақшаны өз қажетіне жұмсаған», - делінген хабарламада.
Аталған дерек бойынша қылмыстық іс тіркелді. Күдікті өз кінәсін мойындады.
Полиция азаматтарды қырағы болуға, мүліктің сақталуына шара қолдануға шақырады, сондай-ақ бөтеннің мүлкін немесе оған құқықты қылмыстық жолмен иемдену қылмыстық жауапкершілікке әкеп соқтыратынын еске салады.