Астаналық полицейлер синтетикалық есірткі интернет-дүкенінің қызметін тоқтатты
Астана қаласы ПД есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері елордада есірткінің заңсыз айналымының жолын кесу бойынша сәтті операция жүргізді, деп хабарлады Elordainfo.kz қалалық әкімдіктің ресми сайтына сілтеме жасап.
Жедел алдын алу іс-шарасы кезінде полицейлер 35 жастағы астаналықтың басқаруындағы Chevrolet cobalt маркалы автокөлікті тоқтатты. Олар көліктен ұнтағы бар 11 дана күдікті затты тапты. Пәтерді тінту кезінде есірткі сататын интернет-дүкеннің жарнамасы бар пластикалық карталар тәркіленді.
Жедел қызметкерлер ер адамның 7 келіден астам есірткі заты табылған және тәркіленген қойманы жалға алғанын анықтады.
Есірткі әлеуметтік желілер арқылы сату үшін сақталған. Қылмыскердің айтуынша, ол есірткі құралдарын бетбелгі арқылы сататын интернет-дүкеннің «қоймасы» болған. Оған қатысты қылмыстық іс тіркелген. Ер адам бәрін мойындап, қамауға алынды.
Естеріңізге сала кетейік, бұған дейін заңсыз айналымнан 339 келі есірткі заттары, соның ішінде 20,8 келі «синтетика» тәркіленген болатын. Нашақорлыққа және есірткі бизнесіне қарсы күрестің 2023-2025 жылдарға арналған республикалық кешенді жоспары және мемлекеттік органдар мен жұртшылық барынша тартылған «Астана – есірткісіз қала 2023-2025 жылдарға арналған» бағдарламасы іске асырылуда. Оның шеңберінде уәкілетті органдармен нашақорлықтың алдын алуға және есірткінің заңсыз айналымы саласындағы қылмыстарды анықтауға бағытталған бірқатар іс-шара өткізіледі.
Мемлекеттік органдармен және ҮЕҰ-мен бірлесіп, құқық қорғау органдары 496 алдын алу іс-шараларын, соның ішінде акциялар, семинарлар, дәрістер, дөңгелек үстелдер, кездесулер, спорттық турнирлер, конкурстар өткізді.