Оқиға

Астанада қыздарды жыныстық қызмет көрсетуге мәжбүрлеген топ ұсталды (ВИДЕО)

Ішкі істер министрлігі Астанада қоғамдық қауіпсіздік пен құқықтық тәртіпті жүйелі түрде қамтамасыз етуді жалғастыруда. Превентивтік негізде қылмыстық көріністерді анықтау және бейтараптандыру жұмыстары жүргізілуде, деп хабарлады Elordainfo.kz.  

Полиция қызметкерлері өзін құқық қорғау органдарының қызметкері ретінде таныстырып, қорқытып ақша алған елорда тұрғынын ұстады. Күдіктіден жалған куәлік тәркіленді.

Cондай-ақ Астанада әлеуметтік желілер арқылы бопсалау сызбасын ұйымдастырған, бұрын сотталған әйелдің әрекетінің жолы кесілді. Күдікті танысу және кездесуді сылтау етіп, зорлау туралы жалған арызбен полицияға жүгінемін деп ер адамдарды қорқытқан. Ол ұсталып, жауапкершілікке тартылды.

Одан бөлек, 25 жастағы ер адам ұсталды. Ол күш қолданамын деп қорқытып, бопсалаумен айналысқан. Ұстау кезінде одан атыс қаруы мен оқ-дәрілер алынды.

Жедел ақпарат пен елорда тұрғындарының шағымдарын тексеру барысында «Лазурный квартал», «Дипломат» және «Мисон» тұрғын үй кешендерінде қыздарды жыныстық қанаумен байланысты заңсыз бизнес ұйымдастырған топ анықталды.

«Барлығы 14 адам ұсталды, ұйымдастырушылар уақытша ұстау изоляторына қамауға алынды. Ішкі істер министрлігі азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге және елордадағы криминогендік жағдайды бақылауға «Заң мен тәртіп» тұжырымдамасы аясында баса назар аударылатынын атап өтеді», - деді ІІМ ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес департаментінің өкілі Қуандық Алпыс.