Астанада кәмелетке толмаған қызды автобус қағып кетті
Астанада Тұран даңғылында автобус жүргізушісі кәмелетке толмаған қызды қақты, жол-көлік оқиғасында тағы екі адам зардап шекті, деп хабарлады Elordainfo.kz.
Астанадағы жол-көлік оқиғасы туралы ақпарат Telegram-дағы Kris_p_astana арнасында жарияланды.
«Астанадағы «Барыс» спорт кешенінің жанында автобус жаттығудан қайтып келе жатқан кәмелетке толмаған қызды қақты», - делінген жазбада.
Астана қаласы Полиция департаментінің баспасөз қызметі оқиға салдарынан тағы екі адамның зардап шеккенін мәлім етті.
«Тұран даңғылының бойымен келе жатқан Yutong автобусының жүргізушісі жолды белгіленген жерден кесіп өтіп бара жатқан кәмелетке толмаған жаяу жүргіншіні қақты. Жол-көлік оқиғасы салдарынан зардап шеккен жаяу жүргінші ауруханаға жатқызылды.
Сондай-ақ автобусты кенет тежеу кезінде ішіндегі екі жолаушы дене жарақатын алған. Олардың бірі дәрігерлердің қарауынан кейін үйіне жіберілді, екіншісі ауруханаға жатқызылды. Тексеру жүргізіліп жатыр», - деді полиция хабарламасында.