Оқиға

Астанада автокөлік салонынан Sim-Box мобильді аппараттық кешені тәркіленді

Астана қаласы прокуратурасының үйлестіруімен полиция Департаментінің киберқылмысқа қарсы іс-қимыл басқармасы қызметкерлерімен жүргізілген жедел-іздестіру іс шаралалары шеңберінде Украина азаматының басқарауындағы «KIA» маркалы автокөлік анықталып, ұсталды, деп хабарлады Elordainfo.kz.

Автокөліктің ішкі салонын тексеру барысында 128 SIM-карта слоттары бар 2 дана «Sim-Box» мобильді аппараттық кешені анықталды, ол қайта жабдықталған автокөлік салонында орналастырылған. Сонымен қатар, әртүрлі ұялы телефон операторларына тиесілі 50 SIM-карта және Wi-Fi роутері алынды.

Осы факт бойынша абоненттiк құрылғының сәйкестендiру кодын өзгертуге арналған бағдарламаларды пайдалану дерегімен сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталды (ҚК-тің 213-бап).

Күдіктіге қатысты күзетпен ұстау түріндегі бұлтартпау шарасы қолданылды. Қазіргі уақытта барлық қажетті тергеу іс-шаралары жүргізілуде, оның интернет-алаяқтыққа қатыстылығы тексерілуде. 

Жедел іс-шара барысында тағы 2 «Sim-Box» құрылғысы алынды.