Оқиға

Астанада аккумулятор ұрлаған күдікті ұсталды

Елордада күдікті бір тәуліктің ішінде 8 аккумулятор ұрлаған, деп хабарлады Elordainfo.kz Polisia.kz-ке сілтеме жасап.  

Бір күнде бірден үш жүк көлігінің иесі полицияға шағым түсірді. Белгілі болғандай, белгісіз біреу қаланың әртүрлі аумақтарында тұрған ауыр жүк көліктерінен алты аккумуляторды ұрлап кеткен. Көп ұзамай тағы бір ұқсас арыз тіркелді. Мұнда жүк көлігінен екі аккумулятордың жоғалғаны анықталды. Полицейлер бұл ұрлықтарды бір ғана адам жасауы мүмкін деп болжам жасады.

Жедел-іздестіру іс-шаралары нәтижесінде Байқоңыр аудандық криминалдық полиция қызметкерлері 29 жастағы азаматты анықтап, ұстады. Ол әр көліктен екі аккумуляторды бұрап алып, таксимен үйіне жеткізіп, кейін метал қабылдау орнына тапсырып үлгергенін мойындады. Келтірілген жалпы шығын көлемі 700 мың теңгеден асты. Аталған фактілер бойынша күдіктіге қатысты қылмыстық іс тіркелді. Жас жігіт уақытша ұстау изоляторына қамалды.