Астанада 6 млн теңгенің құрал-саймандарын ұрлаған азамат ұсталды
Астанада 6 миллион теңгенің құрал-саймандарын ұрлаған азамат ұсталды, деп хабарлады Elordainfo.kz Polisia.kz-ке сілтеме жасап.
Елордада құрылыс компаниялары қымбат құрал-саймандардың қолды болғаны жөнінде полицияға арызданды. Жедел-іздестіру шаралары барысында «Нұра» ауданы полиция бөлімінің криминалдық полиция қызметкерлері 27 жастағы күдіктіні ұстады.
Тергеу барысында күдіктінің түнгі уақытта жаңадан салынып жатқан құрылыс нысандарынан құрал-саймандарды ұрлағаны белгілі болды. Келтірілген материалдық шығын көлемі 6 миллион теңгеден асады. Сондай-ақ оның жиһаз дүкендері мен қоймаларға да ұрлыққа түскені анықталды.
Құқық қорғау органдары бұл дерек бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 188-бабы бойынша қылмыстық іс қозғады. Тергеу барысында күдіктінің елорда аумағында осыған ұқсас бірнеше қылмысқа қатысы бар екені анықталды.
Қазіргі таңда ол полиция департаментінің уақытша ұстау изоляторына қамалды.