Қарағандылық зейнеткерден 22 млн теңге жымқырған күдіктілер ұсталды
Қарағанды қаласының полиция қызметкерлері алматылық әріптестерімен бірлесіп, интернет-алаяқтыққа қатысты кезекті қылмыстың бетін ашты. Жедел-іздестіру іс-шаралары нәтижесінде Алматы қаласында көрші елдің екі азаматы қолға түсті, деп хабарлады Elordainfo.kz Polisia.kz-ке сілтеме жасап.
Олар 77 жастағы Қарағанды тұрғынын алдап, 22 миллион теңгесін иемденген деген күдікке ілінді. Алаяқтар өздерін банк қауіпсіздік қызметінің өкілі ретінде таныстырып, зейнеткерге қоңырау шалып, жинақтарын «қорғау» қажет деген сылтаумен бар қаражатын өз еркімен беруге көндірген. Әйел бастапқыда өзіне алаяқтық жасалғанына сенбеген, тек полицейлермен ұзақ әңгімелескеннен кейін ғана қылмыстың құрбаны болғанын түсінген.
«Тінту барысында күдіктілерден жалпы сомасы 22 миллион теңге тәркіленді. Аталған факті бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 190-бабы (Алаяқтық) бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды. Күдіктілердің басқа да ұқсас қылмыстарға қатысы бар-жоғы тексеріліп жатыр», - делінген хабарламада.