Қарағандыда мемлекеттік мүлік коммуналдық меншікке қайтарылды
Қарағанды қаласы Қазыбек би атындағы аудан прокуратурасының талап-арызы бойынша Қарағанды облысының мамандандырылған ауданаралық экономикалық соты жылжымайтын мүлік пенжер телімін сатып алу-сату мәмілелерін жарамсыз деп таныды, деп хабарлады Elordainfo.kz.
Сотқа жүгінуге №16 орта мектебінің екі қабатты ауданы 1165,79 шаршы метр жапсарлас ғимаратын кеңейтуін жекешелендіру және 1 гектардан астам жер телімін беру кезіндегі заң бұзушылықтар себеп болды.
Оқу орны жұмысын жалғастыруына байланысты мектеп балансында тұрған нысан жекешелендіруге жатпайтыны анықталды. Мәміле қолданыстағы заңнама талаптарын бұза отырып жасалған.
Сот прокуратураның талаптарын қанағаттандырып, сатып алу-сату шарттарын жарамсыз деп таныды, Қарағанды қаласы әкімдігінің тиісті қаулысының күші жойылды. Мүлік мемлекеттік коммуналдық меншікке қайтарылды. Шешім 2025 жылғы 20 маусымда заңды күшіне енді.
Бұған дейін прокуратураның бастамасымен заң бұзушылықпен берілген Ленин атындағы кинотеатр да мемлекет меншігіне қайтарылған болатын.