Оқиға

Қарағанды облысындағы өртті сөндіру жұмыстары жалғасып жатыр

Қарағанды және Павлодар облыстарының шекара аумағындағы табиғи өртті сөндіру жұмыстары жалғасуда, деп хабарлады Elordainfo.kz.  

Қатты екпінді жел, таулы жерлер және өрт ошақтарына кірме жолдардың болмауы өртті сөндіру жұмыстарын қиындатуда.

«Қазіргі уақытта Қарағанды және Павлодар облыстары, Астана қаласы ТЖД мен жергілікті атқарушы органдарынан, ТЖМ 52859 әскери бөлімінен, «Баянауыл» МҰТП 609 адам және 110 техника, «Қазавиақұтқару» АҚ мен ҚР Қорғаныс министрлігінен 4 әуе кемесі өртті жою жұмыстарына жұмылдырылды», - делінген ТЖМ хабарламасында.

Қарағанды облысының Теректі ауылында және Павлодар облысының Желтау қыстағында өрт орны далалық өрт сөндіру штабтары орналастырылды. Өртті сөндіру жұмыстары жерүсті және әуе көлігімен жүргізілуде.

Жалпы 12 жауынгерлік учаске анықталды. Облыстық ТЖД және ТЖМ Командалық орталығында жедел штабтар жұмыс істеуде.

Әуе кемелері өрт ошақтарына 15 рет жалпы көлемі 22 тонна су төкті.

Ақпараттық психологиялық қолдау көрсету үшін Қарағанды облысының ТЖД 8 721 2 51 72 23, Павлодар облысының ТЖД 8 718 2 20 11 12 жедел желі телефондары жұмыс істейді.