Оқиға

Қарағанды облысында екі дәрігерге қол көтерген азаматқа қылмыстық іс қозғалды

Қарағанды облысында балалар ауруханасында сөзге келіспеушілік барысында екі дәрігерді ұрған 38 жастағы ер адам ұсталып, қылмыстық іс қозғалды, деп хабарлады Elordainfo.kz Polisia.kz-ке сілтеме жасап.  

 Оқиға 12 маусым күні болған. Алдын ала мәліметтер бойынша, 38 жастағы облыс тұрғыны сөзге келіспеушілік барысында екі дәрігерге дене жарақатын салған. Күдікті оқиға орнында ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды.

«Медицина қызметкерлеріне күш қолдану фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалды. Аталған факт бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізілуде. Оқиғаның барлық мән-жайын жан-жақты және объективті анықтауға бағытталған қажетті тергеу әрекеттері жүзеге асырылуда.

«Заң мен тәртіп» қағидатын жүзеге асыру аясында заңсыз әрекеттер үшін жазаның бұлтартпастығы қатаң түрде қамтамасыз етіледі. Әсіресе медицина қызметкерлеріне қатысты күш қолдану әрекеті – қоғамдық тәртіптің өрескел бұзылуы ретінде бағаланып, жол берілмейтін жағдай болып табылады», – делінген хабарламада.