«Ана шырылдағанда аяушылық болмады ма?» – прокурор куәгерден жедел жәрдемді шақырмау себебін сұрады
Жетісу облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының ғимаратында Шерзат Полаттың өліміне байланысты кезекті ашық сот отырысы жалғасып жатыр, деп хабарлады Elordainfo.kz.
Сот барысында прокурор Дана Сәрсенбай іс бойынша куәгер деп танылған Эльмира Нұрбековаға бірнеше сұрақ қойды.
«Алдыңғы сот отырысында мен сізге сұрақ қойған болатынмын. Сізге жедел жәрдем шақыруға не кедергі келтірді, телефоныңыз қайда болды? Сіз сол оқиғадан кейін шок жағдайда болдым дедіңіз, бірақ одан кейін «777» дүкеніне бардыңыздар. Сіздер сол оқиға орнынан кейін Абзал, Шыңғыс, Нұрқияс (сіздің сөзіңіз бойынша) автокөлікке отырып, тауға қарай беттедіңіздер. Жолда мен айтқан дүкенге кірдіңіздер. Сол дүкенге кірген кезде де хабарласуға мүмкіндік болмады ма?», – деп сұрады мемлекеттік айыптаушы.
Бұған куәгер сол сәтте мүмкіндігі болмағанын айтты.
«Жоқ, мүмкіндігім болмады. Себебі мен сол сәтте қорықтым. Данамен бірге Талғар қаласына түскен кезде екеуміз полицияға бәрін айтамыз деп ойладық», – деп жауап берді Э.Нұрбекова.
Прокурордың: «Полиция мен жедел жәрдемге хабарласуға қорыққан екенсіз. Сонда қолында қаруы бар ер адамдармен бірге жүруге қорықпадыңыз ба?» деген сауалына куәгер не айтарын білмей «Қорықтым ғой» деді. Алайда судья аталмыш сауалды алып тастады.
«Нұрбекова, сіз өзіңіз төрт баланың анасысыз ғой. Жерде жатқан баланың анасы шырылдап: «Баламды өлтірмеші!» деп жанайқайын айтып жатыр. Сол кезде сіздің ішіңізде аяушылық сезімі пайда болмады ма?», – деп сұрады прокурор.
Бұл сауалды да судья алып тастады.
«Мен бір орнымда тұрып қалдым. Ондайды бұрын көрмегенмін. Адамды мұндай жағдайда көріп, шок болдым. Мен ол жақта не болып жатқанын түсінбедім. Төбелес болды, оқ атылды. Оларды барынша ажыратпақ болдым. Равильді жетектеп алып кеттім», – деп айтып үлгерді Э.Нұрбекова.