Оқиға

Алматыда есірткі зертханасын ұйымдастырумен айналысқан ерлі-зайыптылар ұсталды

Алматыда есірткі зертханасын ұйымдастырумен айналысқан ерлі-зайыптылар ұсталды. Олар Алматы қаласының Алатау ауданында орналасқан пәтерін өндіріс орнына айналдырған, деп хабарлады Elordainfo.kz Polisia.kz-ке сілтеме жасап.

Мұнда ерлі-зайыптылардың синтетикалық есірткі затын өндіріп, бөлшек сауда үшін қаптамаға салғаны белгілі болды.

«Есірткі сатушыларды ұстау бойынша арнайы іс-шара Алматы қаласы бойынша ҰҚКД қызметкерлерінің көмегімен «Қарасора» іс-шарасы аясында жүргізілді. Күдіктілер үйдің жанында ұсталды. Олар кристалданған затты, ақ түсті шөгінділері бар шыны ыдысты және ақшаны тапқан. Ал ұсталғандардың үйін тінту кезінде зертханалық жабдықтар, прекурсорларды сақтауға арналған шыны ыдыстар, магниттік араластырғыш, электр сорғылар, шыны колбалар, ноутбуктер, 265 мың теңге көлеміндегі қолма-қол ақша, ерекше иісі бар өсімдік тектес жасыл зат және басқа да құралдар табылды және тәркіленді», – деп мәлімет берді Алматы қалалық ПД есірткі қылмысына қарсы күрес басқармасының бастығы Мұрат Жұмабаев.

Сот-химиялық сараптамасының қорытындысына сәйкес, тәркіленген зат мефедрон есірткі заты болып шықты.

Екі күдікті де Алматы қалалық ПД-ның уақытша ұстау изоляторына қамалды.