Алматыда алаяқтарды SIM-карталармен қамтамасыз еткен топ ұсталды
Алматы қалалық киберпол қызметкерлері мессенджерлерге тіркеу үшін көп мөлшерде SIM-карталар мен мобильді телефондарды сатып алып, пайдаланған адамдар тобын ұстады, деп хабарлады Elordainfo.kz.
Тексеру барысында 400-ден астам SIM-карта, ондаған банк картасы мен бірнеше мобильді телефон тәркіленді. Аталған құрылғылар заңсыз әрекеттер үшін қолданылған.
Алдын ала мәліметтер бойынша, SIM-карталар мен телефондар Telegram және WhatsApp мессенджерлерінде тіркеу кезінде растау кодтарын қабылдау үшін сатып алынған. Қазіргі таңда ұсталған азаматтардың интернет-ресурстар арқылы жасалған бірқатар алаяқтықтарға қатысы бар-жоғын тексеруде.
«Интернет-алаяқтықпен күрес – біздің басым бағыттарымыздың бірі. Біз SIM-карталардың заңсыз айналымына қатысты тізбектерді анықтап, полицияның өзге де бөлімшелерімен бірлесе отырып, барлық мән-жайды анықтау және кінәлілерді жауапкершілікке тарту мақсатында кешенді тергеу іс-шараларын жүргізіп жатырмыз», - деді Алматы қалалық ПД киберқылмысқа қарсы күрес басқармасының бастығы Әнес Қалдыбаев.
Қазіргі уақытта толық көлемде тергеу және жедел шаралар кешені жүргізілуде.