Алаяқ адамдарды пайда табу үшін ақша салуға шақырған
Екібастұз қаласының тұрғыны тез әрі оңай баюдың жолдарын іздеп, ақпараттық жүйені пайдаланушылардың сеніміне қиянат жасап, ақша табуды ұйғарған. Қылмыстық әрекеттер нәтижесінде 23 жәбірленушіге 26 млн теңгеден астам материалдық шығын келтірілген, деп хабарлады Elordainfo.kz ҚР Жоғарғы сотына сілтеме жасап.
2020 жылдың соңында ол WhatsApp-та «LiveStyler», «Қарлығаш», «Умножайка», «Шанс» және т.б топтарын құрып, көптеген адамдардың сеніміне кіріп, адамдарды пайда табу үшін ақша салуға шақырады.
Оның шақыруымен аталған топтарға кіргендер мол пайда түсетініне сеніп, нұсқалған банктік шоттарға ақша аударған.
Ол өзі құрған схеманың табысты екенін көрсету үшін қатысушыларға жаңадан тіркелгендер есебінен дивидендтер түрінде алынған қаражаттың бір бөлігін төлеген. Қалғанын жеке қажеттіліктеріне жұмсаған.
Осылайша, «ақшаң көбейеді» деген уәдеге сенген жәбірленушілердің тағы бірі LiveStyler тобына қосылған. Ұйымдастырушының қылмыстық ниетінен бейхабар ол 2021 жылдың қаңтар-қараша айлары аралығында алаяқ көрсеткен есепшотқа (оның өзіне, кәмелетке толмаған ұлына және оның күйеуіне тиесілі) 14 млн теңгеге жуық ақша аударған.
Кейін алаяқ осы соманың 8,5 млн теңгесін адалдық таныту үшін қайтарып берген. Қалған 5,4 млн теңгені ол пайдакүнемдікпен иемденген.
Сотталушы осындай қылмыстық әрекеттері нәтижесінде 23 жәбірленушіге 26 млн теңгеден астам материалдық шығын келтірілген.
«Сотталушының кінәсі жәбірленушілер мен куәлардың айғақтарымен, банк анықтамаларымен және басқа да дәлелдемелермен дәлелденді.
Сот сотталушының қылмыстық жауапкершілікке алғаш рет тартылып отырғанын, қамқорлығында кәмелетке толмаған баласы бар екенін және ауырлататын мән-жайларының жоқтығын ескере отырып, оған 4 жылға бас бостандығынан шектеу жазасын тағайындады.
23 жәбірленушінің пайдасына 26 млн теңге материалдық шығын өндірілді», - делінген хабарламада.
Үкім заңды күшіне енген жоқ.