Оқиға

Ақтаудағы ұшақ апатын тергеу жөніндегі үкіметтік комиссия анықтап жатыр

Қазіргі уақытта оқиға орнында ұшақтың конструкцияларын бөлшектеу жұмыстары жалғасуда, деп хабарлады Elordainfo.kz Төтенше жағдайлар министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

«Оқиға салдарын жоюға 306 адам, 101 техника, 2 әуе кемесі және 6 кинологиялық есептоп жұмылдырылды. Жұмыстарға Төтенше жағдайлар, Ішкі істер, Қорғаныс министрліктерінің, Ұлттық ұланның, мемлекеттік емес өртке қарсы қызметтің, Апаттар медицинасы орталығының, жедел медициналық көмек бригадасының және жергілікті атқарушы органдардың, сондай-ақ Әзербайжан ТЖМ қызметкерлері тартылды», - делінген ведомство хабарламасында.

ҚР ТЖМ Апаттар медицинасы орталығының бригадалары ұшақ апатқа ұшыраған жерде авариялық-құтқару жұмыстарын медициналық қамтамасыз етуді жалғастыруда. Апаттар медицинасы орталығының психологтары Ақтау қаласына келген туыстарына психологиялық көмек көрсетуде.

«Кеше авариялық-құтқару жұмыстарын жүргізу нәтижесінде Ақтау қаласының медициналық мекемелеріне 29 адам, оның ішінде 3 кәмелетке толмаған құтқарылды және ауруханаға жатқызылды. Қаза тапқандардың 38 мәйіті табылды, олар медициналық сараптама орталығына жеткізілді, олардың ішінде 6 – Қазақстан азаматы және 3 экипаж мүшесі бар. 7 адамның денесі анықталды», - деп хабарлады ТЖМ.

Сонымен қатар кеше іздеу тобының нәтижесінде ТЖМ құтқарушылары қара жәшікті тапты. Оқиға орнында тәулік бойы кезекшілік ұйымдастырылды.

Қазіргі уақытта Ақтау қаласында апаттың себептерін тергеу жөніндегі үкіметтік комиссия жұмыс істеп жатыр.

Астана қаласындағы Командалық орталықта және Маңғыстау облысының ТЖД-да жедел штабтар мен жедел желі телефондары жұмысын жалғастыруда: 8-7172-55-96-21, 8-7172-55-96-83, 8-7292-31-90-91. Жедел желі телефондарына шұғыл психологиялық көмек және ақпараттық сипаттағы 1 063 өтініш түсті.

Естеріңізге сала кетейік, кеше, 25 желтоқсанда сағат 11.00-де Баку-Грозный бағытында ұшып бара жатқан Azerbaijan Airlines әуе компаниясының ұшағы Ақтау қаласының маңында апатқа ұшыраған болатын.