Ақтауда мүгедектігі бар жігітке зорлық-зомбылық жасалған – адвокат
Маңғыстаулық адвокат желіде Ақтауда 18 жастағы мүгедектігі бар жігітке зорлық-зомбылық жасалғаны туралы ақпарат жариялады. Облыстық полиция департаменті ақпаратқа қатысты түсініктеме берді, деп хабарлады Elordainfo.kz otpannews.kz-ке сілтеме жасап.
«2024 жылғы 27 желтоқсанда Ақтауда бала кезінен мүгедек, сот шешімі бойынша әрекетке қабілетсіз деп танылған 18 жастағы азамат зорланды. Зардап шеккен баланың анасы бірден полицияға арыз жазған. Бүгінге дейін қажетті сараптамалар тағайындалған жоқ. Бейнебақылау камераларындағы жазбалар алынбады, ал ол жазбаларда ақ түсті джиптің қала ортасында қорғансыз адамды алып кетіп бара жатқаны анық көрінеді. Бейнежазбалардың екі ай ғана сақталатыны – дәлелденген факт. Көптеген камера бола тұра, күдікті әлі күнге дейін анықталмаған», – деп жазды адвокат Ажар Әбділ.
Облыстық полиция департаментінің мәліметінше, аталған факті бойынша ҚР ҚК 121-бабы бойынша қылмыстық іс қозғалған.
«Қажетті сараптамалар тағайындалды, бейнебақылау камераларындағы жазбалар алынып, зерттелуде. Іс полиция департаменті басшылығының бақылауында. Тергеу жалғасып жатыр. Видеожазбалардың жоқтығы туралы тараған ақпарат шындыққа сәйкес келмейді», – деп хабарлады полиция департаменті.