Оқиға

Ақтөбеде заңсыз дәрі-дәрмек сақтағандар ұсталды

Ақтөбе облысы Полиция департаментінің есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері жедел іздестіру іс-шараларын жүргізу барысында заңсыз дәрі-дәрмек сақтаған екі тұрғынды ұстады, деп хабарлады Elordainfo.kz.

Жеке тексеру нәтижесінде ұсталғандардың бірінен дәрігердің рецепті бойынша қатаң түрде жіберілетін дәрілік препараттар салынған қорап табылды және тәркіленді.

Бұдан әрі күдіктілер тұрған жалға алынған пәтерді тексеру кезінде полицейлер ірі көлемде қолма-қол ақшаны, сондай-ақ мыңнан астам рецептік дәрі-дәрмекті және психотроптық заттарды тәркіледі. Ұсталғандардың айтуынша, олар дәрі-дәрмектерді психотроптық заттарды қолданатын адамдарға сатқан.

Жүргізілген сараптама нәтижелері бойынша ұсталғандардың екеуі де есірткілік мас күйде болғаны анықталды. Оларға қатысты әкімшілік хаттама толтырылды.

Азаматтарды қырағы болуға және тыйым салынған заттардың таралуы туралы 102 телефоны бойынша құқық қорғау органдарына хабарлауға шақырамыз, - делінген хабарламада.