Оқиға

Ақмола облысында жетім балаға арналған пәтерде мемлекеттік мекеме басшысы тұрған

Ақмола облысындағы аудан орталықтарының бірінде жетім балаға арналған пәтерде екі жыл бойы мемлекеттік мекеме басшысы тұрған. Бұл туралы облыс прокуратурасы өкілдері ресми сайтында мәлім етті, деп хабарлады Elordainfo.kz.

Облыстық прокуратура өкілдері қолданыстағы заңнамаға сәйкес, аталған санаттағы балалар тұрғын үйді бірінші кезекте алуға құқылы екенін атап өткен.

Сонымен қатар прокуратура жергілікті атқарушы органдар балалардың мемлекеттік тұрғын үй қорынан баспана алу құқығын бұзғанын мәлім етті.

«33 бала заңсыз түрде есептен шығарылған, 8 бала уақытында кезекке қойылмаған, ал 1 балаға мүлде тұрғын үй беруден бас тартылған. Мысалы, аудан орталықтарының бірінде жетім балаға арналған пәтерде екі жыл бойы мемлекеттік мекеме басшысы тұрған», - делінген хабарламада.

Прокуратура мәліметінше, қадағалау актісімен пәтер қайтарылып, балаға берілген. Қазіргі уақытта басқа балалардың бұзылған құқығын қалпына келтіру шаралары қолға алынды.