Оқиға

Ақмола облысында мешітте жарылыс болып, үш адам қаза тапты

Ақмола облысы Қорғалжын ауданында бұрынғы мешіт ғимаратында газ жарылып, үш адам мерт болды, деп хабарлады Elordainfo.kz.

Оқыс оқиға Сабынды ауылында болған.

«Оқиға салдарынан 1978 жылы туған ер адам қайтыс болды. Үйінді астынан құтқарушылар 1983 жылы туған әйел мен 2012 жылы туған баланың денесін тапты. Жедел жәрдем бригадасы зардап шеккен 16 адамды Астана қалалық ауруханасына жеткізді», - деді облыстық төтенше жағдайлар басқармасының баспасөз қызметі.

Облыстық төтенше жағдайлар қызметінің хабарлауынша, құтқарушылар алты газ баллонын сыртқа алып шыққан.

Қазір құтқарушылар үйінділерді тазартып жатыр. Бұл жұмысқа облыстық төтенше жағдайлар департаментінен жеке құрамның 30-ға жуық адамы мен 5 техникасы, сондай-ақ жедел-құтқару жасағы, апаттар медицинасы орталығы, оның ішінде психологтар, қаланың кинологиялық қызметі жұмылдырылды.

«Ақмола облысы әкімінің орынбасары Елдос Рамазанов оқиға орнына келді. Жергілікті атқарушы орган зардап шеккендерге қажетті көмек көрсетеді», - деді аймақ басшысының баспасөз қызметі.

Ақмола облысы Төтенше жағдайлар департаментінің базасында жедел штаб құрылды, сенім телефоны 8 716 25 20950.