31 млн теңге ұрлық жасады деген күдікті Ресейден экстрадицияланды
Бас прокуратура сеніп тапсырылған бөтеннің мүлкін аса ірі мөлшерде ұрлағаны үшін қылмыстық жауаптылыққа тарту үшін күдіктіні Ресей Федерациясынан экстрадициялады, деп хабарлады Elordainfo.kz.
Тергеу мәліметтеріне сәйкес, күдікті 2015 жылдан 2017 жылға дейінгі аралықта Астана қаласындағы бір банк филиалының жетекші менеджері болып жұмыс істеп, 31 миллион теңгеден астам қаражатты жымқырған.
Қылмысын жасалғаннан кейін күдікті жасырынғандықтан, оған халықаралық іздеу жарияланған.
Өткен жылдың маусым айында Мәскеу қаласында ұсталған күдікті Қазақстанның Бас прокуратурасының өтініші бойынша елге қайтарылды.
Қазіргі уақытта ол уақытша ұстау изоляторында отыр.
«Заң бойынша аса ірі көлемде бөтеннің мүлкін ұрлағаны үшін күдікті 7 жылдан 12 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру және мүлікті тәркілеу жазасына тартылуы мүмкін»,- делінген Бас прокуратура хабарламасында.