Оқиға

2 млрд теңге жымқырған: Сот сараптамалары орталығы басшыларының үстінен іс қозғалды

Қаржылық мониторинг агенттігі Сот сараптамалары орталығының лауазымды тұлғалары мен мердігер ұйым басшысына қатысты 2 млрд теңгеден астам бюджет қаражатын жымқыру фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеу ісін тіркеді, деп хабарлады Elordainfo.kz.

«Сот сараптамалары орталығының лауазымды тұлғалары мүдделі топпен алдын ала келісіп, жалған коммерциялық ұсыныстар арқылы жабдықтың құнын 3 есе арттырған. Бұдан бөлек, мемлекеттік сатып алу конкурсын өткізу кезінде заң бұзылған», - делінген ақпаратта.

Жалпы құны 148 млн теңгеден асатын Алматы қаласындағы 2 жер телімі, Астанадағы пәтер және BMW Х6 мен RAV 4 автокөліктеріне тыйым салынды.

Банк есепшотындағы 1,6 млрд теңге, 367 мың АҚШ доллары және 366 мың еуро сомасындағы компанияның ақша қаражаты бұғатталды.

Құқықтық сараптама орталығының директоры, мемлекеттік сатып алу департаментінің басшысы және ЖШС басшысы ұсталып, сот оларды 2 айға қамауда ұстау жөнінде шешім қабылдады.