15 миллиард теңге жымқырған қаржы пирамидасының жетекшісі экстрадицияланды
Қазақстан Республикасының Бас прокуратурасы Қырғыз Республикасынан трансұлттық ұйымдасқан қылмыстық топтың құрамында қаржы пирамидасын құрғаны және басқарғаны үшін қылмыстық жауаптылыққа тарту мақсатында Қазақстан азаматын экстрадициялады, деп хабарлады Elordainfo.kz.
Аталған топтың мүшелері 2017-2020 жылдар аралығында Қазақстан аумағында QI-Trade қаржы пирамидасын ұйымдастырып, 4,7 мыңнан астам салымшының жалпы сомасы 15 миллиард теңге қаражатын заңсыз иемденген.
Қылмыстық топтың кейбір мүшелері сотпен әртүрлі жазаға тартылған, ал күдікті қылмыс жасағаннан кейін бой тасалап, оған халықаралық іздеу жарияланды.
«Іздеуде бола тұра ол Қырғызстанда кісі өлтіріп, қырғыз сотымен сотталды.
Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының сұрауы бойынша ол уақытша берілді, ал қаржы пирамидасын құрғаны және басқарғаны үшін қылмыстық жауаптылыққа тартылғаннан кейін Қырғыз Республикасына қайтарылатын болады», - делінген ведомство хабарламасында.
Осылайша, көрші мемлекет аумағында жазасын өтегеннен кейін күдіктіні Қазақстан аумағында жасаған қылмысы үшін жаза күтетін болады.
Айыпталған қылмыстарды жасағаны үшін мүлкі тәркіленіп, 12 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру түріндегі жаза қарастырылған.
Еске сала кетейік, бұған дейін Бас прокуратура осы қылмыстық топтың екі мүшесін Ресей мен Польшадан экстрадициялап, олар қазір әртүрлі жылдарға бас бостандығынан айыруға сотталған.