13 келі марихуананы заңсыз сақтаған қазақстандық Ресейден экстрадицияланды
Бас прокуратура аса ірі көлемдегі есірткі затын өткізу мақсатында заңсыз сақтап, тасымалдағаны үшін қылмыстық жауапкершілікке тарту мақсатында Қазақстан азаматын Ресей Федерациясынан экстрадициялады, деп хабарлады Elordainfo.kz.
Ведомствоның мәліметінше, күдікті 2023 жылғы қыркүйекте Жамбыл облысының аумағында 13 келі кептірілмеген марихуананы заңсыз сақтап, тасымалдағаны анықталды.
Сотқа дейінгі тергеп-тексеру барысында күдікті қылмыстық қудалау органынан жасырынған, сол себепті оған халықаралық іздеу жарияланды.
Ол 2024 жылғы тамызда Ресей Федерациясының Киров облысының аумағында ұсталып, кейін Бас прокуратураның сұрауы бойынша Қазақстанға экстрадицияланды.
Қазіргі уақытта күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалды.
«Қылмысты жасағаны үшін мүлкі тәркіленіп, 10 жылдан 15 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру түріндегі жаза қарастырылған, - деп хабарлады Бас прокуратура.