Оқиға

12 жыл бұрын Теміртауда қылмыс жасады деген күдікті Дубайдан қайтарылды

Бұзақылық ниетпен жәбірленушінің денсаулығына орташа ауырлықтағы зиян келтірді деген күдікті БАӘ-ден қайтарылды, деп хабарлады Elordainfo.kz Бас прокуратураға сілтеме жасап.

Құзырлы органның мәліметінше, Бас прокуратура мен Ішкі істер министрлігінің қызметкерлері Біріккен Араб Әмірліктеріндегі Қазақстан елшілігінің көмегімен күдіктіні Дубай қаласынан экстрадициялаған.

Ол 2012 жылғы 25 наурызда Теміртау қаласында бұзақылық ниетпен жәбірленушіге себепсіз бірнеше рет дене жарақатын салып, жақ сүйегін екі жерінен сындырды деген күдікке ілінген.

Қылмыс жасағаннан кейін күдікті қашып кетіп, 12 жылдан кейін Біріккен Араб Әмірліктерінің аумағында екені анықталған.

Қазіргі уақытта күдікті қылмыстық жауаптылыққа тарту үшін Қазақстан полициясына тапсырылған.