Жемқорлық, қылмыс жасағандар эндаумент қорларды құра ала ма – Мақсат Толықбаев
Мәжілістің жалпы отырысында «Нысаналы капитал қорлары (эндаумент-қорлар) туралы» заң жобасы жөнінде талқыланды. Осы орайда депутат Мақсат Толықбаев баяндамашы Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбекке және эндаумент-қорларды құруда сыйбайлас жемқорлық, ауыр немесе аса ауыр қылмыстар үшін сотталған тұлғаларға шектеулер қою туралы сауал қойды, деп хабарлады Elordainfo.kz.
«Қолданыстағы заңнамаға сәйкес, эндаумент қорларды құруға жеке немесе заңды тұлғалар құқылы. Сонымен қатар заң жобасында бұрын сыбайлас жемқорлық, ауыр немесе аса ауыр қылмыстар үшін сотталған тұлғаларға ешқандай шектеулер қарастырылған. Саясат мырза, өз сөзіңізде айттыңыз ғой, эндаумент қор, ең алдымен, қоғамдық сенімге негізгелген қайырымдылық құралы деп. Моральдық-этикалық тұрғыдан алғанда, осындай құрылтайшылардың адалдығы, қоғам алдындағы беделі зор маңызға ие болу керек сияқты көрінеді. Осы тұрғыдан сіздің позицияңыз қалай? Бұрын жемқорлық, ауыр қылмыс жасағандарға шектеу бомай ма, кез келгені қор құра бере ме?» - деп сауал қойды депутат.
Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек былай деп жауап берді.
«Құрылтайшы немесе қамқоршы кеңесіне тек қана адал, абыройы бар, таза азаматтар кіруі керек. Осындай ұсыныстар болды, оны қарастырып түзететін боламыз», - деді ол.
Әділет министрлігінің өкілі де заң жобасында, қолданыстағы заңдарда осындай тиісті нысаналы топтың құрылтайшысына қойылатын арнайы талаптар мен шектеулер көзделмегенін айтып, бұл мәселе талқылауға қойылатынын қаперге берді.