Үй жанындағы дүкендер, шаштараздар қосылған құн салығын төлемейді – Серік Жұманғарин
Мәжілістің жалпы отырысында депутаттар бірінші оқылымда Салық кодексінің жобасы мен салық салу мәселелері бойынша ілеспе түзетулерді талқылады. Онда Премьер-министрдің орынбасары – ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин шағын бизнеске арналған салық режимі туралы айтты, деп хабарлады Elordainfo.kz.
«Бұл оңайлатылған декларация негізіндегі арнаулы салық режимі деп аталады. Кіріс лимиті қазіргідей 600 мың айлық көрсеткіш болып сақталады. Қызметкерлер саны бойынша шектеулер алынып тасталады. Мөлшерлеме - 4% және оны мәслихаттар 50%-ға дейін төмендетуі мүмкін. Үкімет режимді тек белгілі бір қызмет түрлеріне қолдануды ұсынды және басты шарт – тек B2C операциялары. Бұл ретте В2В операциялары арнаулы режим шеңберінде ғана жүзеге асырылуы мүмкін. Егер жалпыға бірдей белгіленген режимде жұмыс істейтін салық төлеуші тауар немесе қызметті арнаулы «режимшіден» сатып алса, онда оның мұндай шығындарды шегеруге құқы жоқ. Қызмет түрлерінің санын Үкімет реттейтін болады. Осылайша үй жанындағы дүкендер, шаштараздар және халықпен жұмыс істейтін кәсіпкерлер осы шарттарға сәйкес келеді. Әрі олар қосылған құн салығын төлемейді. Оларға қорқудың қажеті жоқ», - деді бұл туралы С.Жұманғарин.