Мәжіліс

Құқық иелерінің деректері цифрландырылады – депутат Нұрсұлтан Байтілесов

Мәжілістің жалпы отырысында Заңнама және сот-құқықтық реформа комитетінің мүшесі Нұрсұлтан Байтілесов «ҚР кейбір заңнамалық актілеріне зияткерлік меншік мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы жөнінде қосымша баяндама оқыды, деп хабарлады Elordainfo.kz.

Нұрсұлтан Байтілесов бүгінгі қаралып жатқан Заң жобасы Мемлекет басшысымен қойылған тапсырманы орындау мақсатында жасалып, зияткерлік меншік саласындағы қолданыстағы заңнаманы жүйелі түрде жетілдіруге бағытталғанын айтты.

«Жұмыс тобының отырыстары барысында Мәжіліс депутаттары заң жобасының ережелерін жетілдіретін және оның редакциясын жақсартатын бірқатар түзетулер ұсынды. Ұсынылған өзгерістер зияткерлік шығармашылық қызмет нәтижелерін, азаматтық айналымға қатысушыларды дараландыру құралдарын, тауарларды, жұмыстарды немесе қызметтерді құруға және пайдалануға байланысты зияткерлік меншік саласындағы қоғамдық қатынастарды реттеуді көздейді. Сонымен қоса, 2024 жылғы қарашада Meta платформаларында қазақстандық авторлар мен орындаушылардың музыкалық туындыларына шектеу фактілері ұжымдық басқару (МҚҰНБ) жөніндегі ұйымдарды бақылауды жетілдіру қажеттігін көрсетті. Бұл жағдай құқық иелерінің деректерін цифрландыруды талап етті. Осыған байланысты, депутаттар ұжымдық басқару саласын цифрландыруға, өтемақының ашықтығын қамтамасыз етуге, сондай-ақ жиналған сыйақыны әділ бөлуге және төлеуге бағытталған бірқатар түзетулер ұсынады», - деді ол.

Сондай-ақ спикер бұл түзетулердің мақсаты автордың және құқық иеленушінің ұжымдық басқару жүйесі арқылы өз объектілерін пайдаланғаны және ретрансляция жасағаны үшін сыйақы алу құқығын қамтамасыз ету екенін айтты.

Бұдан басқа Заң жобасымен Патенттік сенім білдірілген өкілдердің мамандануы көзделеді, тауар таңбаларын тіркеуден бас тарту үшін негіздер және ресми сараптама сатысында патент беруден бас тарту мүмкіндігі нақтыланбақ.