Мәжіліс

Шешім халық үшін тиімді болуы тиіс – Қошанов

ҚР Парламенті Мәжілісінің төрағасы Ерлан Қошанов Салық кодексінің бірінші оқылымын қорытындылады, деп хабарлады Elordainfo.kz.

Мәжіліс төрағасы тақылау барысында депутаттар Үкіметпен бірге жұмыс істеп, қызу пікірталастардан кейін біраз түйткілді мәселе бойынша ортақ шешімге келгенін айтты. Ерлан Қошанов солардың негізгілеріне тоқталып өтті.

«Біріншіден, қосымша құн салығының шекті мөлшері бойынша ортақ мәмілеге келдік. Бұл қоғамды алаңдатқан ең өзекті мәселе болатын. Үкімет ұсынған 15 млн теңге шекті мөлшерін 40 млн теңгеге көтеретінін, ол бойынша Үкіметтің ұстанымын Жұманғарин мырзаның аузынан естідіңіздер. 

Екіншіден, әркім өз кірісіне сай  салық төлейді деген шешімге келіп отырмыз. Мысалы, сауда-саттықпен, қызмет көрсетумен айналысатын, тауар өндіретін шағын және орта бизнес үшін арнайы салық режимі жұмыс істейтін болады. Яғни, 4 пайыздық салық мөлшерімен қосымша құн салығынсыз кәсіппен айналысу мүмкіндігі толық сақталады. Оған қоса, бұл мүмкіндікті кеңейту мақсатымен «тыйым салынған кәсіптер тізімі» әзірленеді. Бұл да – үлкен шешім. Ол да арнайы салық режимінің қолданылу аясын едәуір кеңейте түседі.  

Үшіншіден, ірі бизнес үшін жеңілдіктер қысқартылады. Бүгін ол туралы көп айтылды. Ал банктер мен ойын бизнесі үшін табыс салығы ұлғайтылады. Бір сөзбен айтқанда, қарапайым халықтың қалтасына салмақ түспейді. Жаңа салық саясатының көздегені де – осы», - деді ол.

Ол әлеуметтік саладағы мәселелер екінші оқылымға дейін Үкіметпен бірге жұмыс тобында қарастырылатынын айтты.