Депутат тіс емдетуді МӘМС-ке енгізуді сұрады
Мәжіліс отырысында депутаттар бірінші оқылымда міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру мәселелері бойынша заңнамалық түзетулерді қарады. Басты баяндаманы Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова жасады. Депуаттар өз кезегінде мәселеге қатысты сауалдарын қойды, деп хабарлады Elordainfo.kz.
Нартай Сәрсембаев министрден депутаттар ұсынған МӘМС-ке қатысты екі мәселенің шешімін сұрады.
«Екі ұсыныс айтқан едік. Қазір МӘМС-ке қаражат төлеп келген азамат қандайда бір мәселелерге байланысты осы жүйеге қаржы төлеу қабілетінен айырылып қалатын болса, ол тек алдағы үш айда ғана осы МӘМС бойынша медициналық көмек ала алады, одан кейін «қайда барсаң, онда бар» деп тастаймыз да кетеміз. Біз жылдар бойы МӘМС-ке қаражат аударып келген азамат қандайда бір жағдаймен қаржы аудару қабілетінен айырылса, кемінде 6 ай медициналық көмек ала тұрса деген ұсыныс айтқан болатынбыз.
Екінші, біз МӘМС-ке азаматтарды қаржы аударуға ынталандыруымыз керек. Азамат МӘМС-ке ақша аударса, сол аударған қаражатының 15 пайызын арнайы қорға жіберіп отырсақ, оны ол МӘМС-ке кірмейтін стамотология, басқа да медициналық қызметтерді алу үшін пайдаланса деген ұсынысымызды айттық. Осы нақты екі ұсынысқа ведомство басшысы ретінде пікіріңізді айтсаңыз», - деп сауал қойды Нартай Аралбай.
Денсаулық сақтау министрі бұл ұсыныстар министрлік тарапынан құпталғанын, енді 60 ай МӘМС-ке қаражат төлеп келген азамат төлем қабілетінен айырылған жағдайда 6 айға дейін медициналық көмек ала алатынын айтты. Ақмарал Әлназарова ынталандыру үшін жеке жинақтау шотын ашуға да Үкімет тарапынан тиісті қорытынды беріліп отырғанын қаперге берді.
«Біз концептуалды деңгейде бұл норманы қолдаймыз. Осыған байланысты тиісті есептерді жүргізуіміз керек. Алдағы уақытта бұл норманы әрі қарай да сіздермен пысықтайтын боламыз», - деді ол.