Мәжіліс

Құрылыс саласын жетілдіру бойынша заңнамаға өзгеріс енгізілді

Парламент Мәжілісінің Экономикалық реформа және өңірлік даму комитеті төрағасы Нұртай Сабильянов «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне құрылыс саласын жетілдіру және тұрғын үй құрылысына үлестік қатысу мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» ҚР Заңы жобасының қорытындысын жариялады, деп хабарлады Elordainfo.kz.

Заң жобасының негізгі мақсаты тұрғын үй құрылысына үлестік қатысу саласындағы заңнаманы одан әрі жетілдіру болып табылады.

Заң жобасында:

- тұрғын үй құрылысына үлестік қатысу шарттарын электрондық нысанда жасауға мүмкіндік беру;      

- тұрғын үй құрылысына үлестік қатысудың бірыңғай ақпараттық жүйесі арқылы жергілікті атқарушы органда үлестік қатысу шарттарын міндетті есепке алу;   

- құрылыс салушылардың тұрғын үй құрылысына үлестік қатысу тетіктеріне қатысу мүмкіндігін кеңейту мақсатында жұмыс тәжірибесі бойынша талаптарды төмендету көзделеді.    

Аталған заң жобасы 2024 жылғы 11 желтоқсанда бірінші оқылымда мақұлданды.

Заң жобасымен жұмыс барысында депутаттар мыналарға:

- аз қабатты құрылысты «Тұрғын үй құрылысына үлестік қатысу туралы» Заңның қолданылу аясына  енгізуге;

- жеке тұрғын үйлер кешендерін салу кезінде құрылыс салушылар мен уәкілетті компанияларға қатысты талаптар белгілеуге;

- үлескерлердің ақшасын тартуға арналған рұқсатсыз пайдалануға берілмеген, салынып жатқан көппәтерлі тұрғын үйден пәтер сатып алуға ипотекалық қарыз беруге тыйым салуды енгізуге;    

- салынып жатқан көппәтерлі тұрғын үйден үлесті сатып алу бойынша төлемдерді жүзеге асыруға;     

- тұрғын үй құрылысына үлестік қатысу туралы шартта үлескерлердің ақшасын тартуға арналған рұқсаттың нөмірі мен берілген күнін көрсетудің міндеттілігіне бағытталған түзетулер енгізілді.

Сондай-ақ, мүгедектігі бар адамдардың өмір сүру сапасын жақсарту мақсатында әлеуметтік қызметтер порталы арқылы инватаксиді енгізу бойынша түзетулер ұсынылады.

Бұдан басқа, заң жобасының жекелеген нормаларын нақтылайтын және мазмұнын жақсартатын, сондай-ақ заң техникасының талаптарына сәйкес келтіру бойынша түзетулер енгізілді.

Парламент Мәжілісінің комитеттері заң жобасы бойынша оң қорытындылар берді. 

Заң жобасы бойынша жұмыс тобына 305 түзету келіп түсті, олар мүдделі министрліктер мен ведомстволар, қоғамдық бірлестіктер мен сараптама ұйымдары өкілдерінің қатысуымен жұмыс тобының он сегіз отырысында және Комитеттің кеңейтілген отырыстарында қаралды.

Салыстырма кесте 182 қабылданған позициядан тұрады.

Жоғарыда баяндалғанға байланысты Экономикалық реформа және өңірлік даму комитеті «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне құрылыс саласын жетілдіру және тұрғын үй құрылысына үлестік қатысу мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасы Заңының жобасын екінші оқылымда Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің жалпы отырысының қарауына енгізуді ұсынады.