Мәжіліс

«Ірі құрылыс компаниялары әбден бақылаудан кеткен»: депутат жаңа Құрылыс кодексі туралы айтты

Мәжілісте жаңа Құрылыс кодексінің жобасы қаралып жатыр. Аталған кодексте нені көздейді? Бұл туралы Мәжіліс депутаты Мұрат Әбенов отырысқа дейін журналистерге берген сұхбатында айтты, деп хабарлады Elordainfo.kz.

Депутат Мұрат Әбеновтің сөзінше, құрылыс компаниялары тәуелсіз бақылаушыларды, тексерушілерді өздері шақырып, "қазаншының өз еркі қайдан құлақ шығарса" деп, әбден бақылаудан кеткен. Жаңа Құрылыс кодексі мұндайға жол бермейді. 

«Бұдан былай қоғамның бақылауын, мәслихаттың рөлін күшейтеміз. Осы уақытқа дейін олигархтар, ірі компаниялар әбден тәртіптен кеткен. Енді бір ғана институт болады. Барлық жобаны солар ғана сызады. Әркім ойына келгенін жасамайды. Бізге тұрғындар тарапынан пәтер алғанына көп уақыт өтпестен құлап немесе бүлініп жатқаны туралы шағымдар жиі түседі. Сол себепті  бұл мәселені осы кодексте қарастырамыз. Мұның ішінде цифравизация да бар. Дегенмен біз, депутаттар құрылыс бизнесін қолдауды емес, азаматтардың талаптарына қарай бағыттадық. Мысалы, қазіргі таңда тұрғын үй салынады, бірақ жанында мектеп пен емхана, балабақша бола бермейді. Біз осының бәрін талап ретінде қоямыз. Кез келген тұрғын үйдің жанында мектеп болуы керек. Тұрғындар мектеп үшін қаланың бір шетінен екінші шетіне қатынамауы керек. Астананың өзінде кейбір тұрғын үйде мүмкіндігі шектеулі жандарға жағдай қарастырылмаған», - деді Мұрат Әбенов.

Сонымен қатар депутат баспана бағасына қатысты да пікір білдірді.  

«Бұл кодекс бизнес үшін емес, ондай лоббизмнің қажеті жоқ. ... Қазір пәтерлер неге қымбат? Өйткені жердің бәрін олигархтар алып алып, нарықта монополия жасап алған. Құрылысты солар ғана салады. Солардың бағасын ғана айтамыз. Біз соны өзгертеміз. Тек олигархтарға емес, басқаларға да мүмкіндік бергіміз келеді. Егер бәсекелестік болса, үй бағасы арзандайды», - деді Мәжіліс депутаты.

Айта кетсек, Мәжілістің талқылауындағы жаңа Құрылыс кодексінің жобасы осы саладағы сапасыз құрылыс, әлсіз бақылау, заманауи цифрлық құралдардың жоқтығы секілді қордаланған мәселелерді шешуге бағытталған.

Кодекс жобасы құрылыс сапасына мемлекеттік және қоғамдық бақылауды күшейту, кедергісіз орта құру, құрылыс нысандарына берілетін ең төменгі кепілдік мерзімін екі жылдан бес жылға дейін ұлғайту секілді нормаларды көздейді. Еліміздің құрылыс саласындағы маңызды құжат Мәжілістің жалпы отырысында талқылануда.