ҚҚС 16 пайыз болып белгіленді: мәжілісте жаңа Салық кодексі қабылданды
Мәжіліс депутаттары жаңа Салық кодексі мен оған салық салу мәселелері бойынша ілеспе түзетулерді екінші оқылымда қабылдады, деп хабарлады Elordainfo.kz төменгі палатаның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Мәжілістің баспасөз қызметінің мәліметінше, жаңа Салық кодексі мемлекет басшысының жарлығы мен жолдауын және үкіметтің кеңейтілген отырысында берген тапсырмаларын орындау мақсатымен әзірленген.
«Депутаттық корпус пен үкіметтің бiрлескен жұмысының нәтижесiнде, оның iшiнде қосылған құн салығы реформасы бойынша, бiрқатар шешiм қабылданды. Алғашында үкімет ұсынған 20 пайыздық мөлшерлеме 16 пайызға дейін төмендетілді. Қосылған құн салығы бойынша міндетті тіркеудің шегі 15 миллионнан 40 миллион теңгеге дейін ұлғайтылды», - делінген хабарламада.
Жаңа Салық кодексі аясында дәрілік заттар мен медициналық қызметтерге қосылған құн салығының төмендетілген мөлшерлемелері енгізіледі: 2026 жылдан бастап 5 пайыз және 2027 жылдан бастап 10 пайыз болады.
Тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі, міндетті медициналық сақтандыру, сирек кездесетін және әлеуметтік маңызы бар ауруларды емдеу аясындағы тауарлар мен қызметтер қосылған құн салығын төлеуден босатылады. Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары мен отандық басылымдарды, сондай-ақ баспа түріндегі кітаптарды басып шығару қызметтерін ҚҚС төлеуден босату жоспарланып отыр. Ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерді қолдау мақсатымен қосымша есепке жатқызуға қосылған құн салығы сомасы 70 пайыздан 80 пайызға дейін ұлғайтылды.
Оңайлатылған декларацияны реформалау аясында рұқсат етуші тізімінің орнына тыйым салынатын тізімі енгізілді. Мәслихаттардың өңірлік ерекшеліктерін ескере отырып ±50 пайызға дейін түзету мүмкіндігімен 4 пайыздық бірыңғай мөлшерлеме белгіленді. Кәсіпкерлік субъектілері арасындағы операцияларға арнаулы салық режимін қолдану кеңейтілді.
Ойын бизнесі мен банктер үшін корпоративті табыс салығы мөлшерлемесі 25 пайызға дейін көбейтілді. Ал банктер үшін кәсіпкерлік субъектілерін несиелеуден түсетін кірістер бойынша мөлшерлеме 20 пайыз деңгейінде қалды. Жеке табыс салығының прогрессивті шкаласы енгізіледі:
- жалақы бойынша: 8500 АЕК-ке дейінгі табысқа – 10 пайыз (жылына 33,5 млн теңгеге дейін), одан жоғары болса – 15 пайыз;
- дивидендтер түріндегі кірістер үшін: 230 000 АЕК дейін – 5 пайыз (1 млрд теңгеге жуық) және одан жоғары болса – 15 пайыз;
- резидент емес жеке тұлғалардың кірістері үшін: 600 000 АЕК дейін – 10 пайыз, одан жоғары болса – 17 пайыз.